Жаңалықтар

«Алаңдағы бестемше» Түркия елінде

Түркия мемлекетінің Анталия қаласында  29 қаңтар мен 4 ақпан аралығында  Тоғызқұмалақ, мангала, бестемше және асық ойындарынан "Mind Sammit"  атты халықаралық семинар өтіп, осы спорттың мамандары ұлттық ойынның болашағы мен алдағы міндеттері туралы сөз қозғады. Халықаралық шараға Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Чехия, Румыния және АҚШ-тан мамандар қатысты.

«Бестемше» инновациялық жобаға қатысушы №№5,28,29,44,51,56,61,66,70 елордалық мектепке дейінгі ұйымдарының меңгерушілері мен әдіскерлері Саммит аясында  «Зияткерлік ойындардың жасөспірімнің когнитивтік қасиеттерін дамытудағы маңызы» атты халықаралық семинарда ұлттық ойынды таныстырып,  шетелдік әріптестермен іс-тәжірибе алмасты.

Біздің  №5 «Ақбота» балабақшасының меңгерушісі М. Жолбарысова Бестемше ойынына кейбір ерекшеліктер енгізіп, «Алаңдағы бестемше» ретінде қолданысқа ұсынды. Алаңдағы бестемше ойынының ерекшелігі,  ойынға екі баладан көп бала қатыса алады, яғни «Бестемше» ойыны ұжымдық ойнау сипатын алады. Заманауи тұрғыда бейімделген «Алаңдағы бестемше» ойынына қатысатын баланың саны 10-ға дейін артып, балаларды қимыл-қозғалысқа түсіп, ептілікке баулитындығын зерттеп, жаңартып шетелдік әріптестерге таныстырылым жасап, ойнап көрсетті. Әсіресе, Мөлдір Айтқалиқызының балабақшада жүргізілген зерттеулеріне  қатысты көп сұрақтар туындады. Жасөспірімнің физикалық қасиеттерінің дамуы, коммуникативтік дағдыларының қалыптасуы, танымдық-зияткерлік, шығармашылық және өзара әрекеттері, эмоционалдық қасиеттердің қалыптасуы сияқты 5 категория бойынша жүргізілген зерттеулерде жылдың басында ойнаған бүлдіршіндердің жыл соңында анағұрлым ілгерілеу бар екені байқалды. Инклюзив  балалардың бестемше ойнау арқылы қалыпты мектепке барғаны да сөз болды.

Осылайша, қазақ халқының ұлттық ойыны, тоғызқұмалақтың алғашқы баспалдағы  бестемшеге ақыл-ой шығармашылығымен айналысу үшін мектеп жасына дейінгі балаларды тарту  қызу талқыланып, шетелдік әріптестер арасында «Алаңдағы  бестемше» қатты қызығушылық туғызды.

МКҚК «№5 «Ақбота» балабақшасы»

Астана қ.

Жаңалықтарға жазылу

Біздің жаңалықтарымызға жазылыңыз және біздің соңғы оқиғаларымыз туралы бірінші болып біліңіз!